Каир, 2025 жылғы 20 тамыз – Мысыр астанасыдағы «Бостандық» саябағында орналасқан қазақтың көрнекті ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткішіне оның туғанына 180 жыл толуына орайластырылған салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Аталған шара Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс және Каирдегі «Citadel Festival» халықаралық іс-шарасы аясында өнер көрсеткен «Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының» өнер майталмандарының қатысуымен жүзеге асырылды.
Іс-шара Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Өз кезегінде, Елші Абайдың мәдени мұрасы, оның қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ оның шығармашылығының қазіргі заманғы әлемдегі өзектілігіне тоқталды. Іс-шараға қатысқан өнерпаздар Абайдың бірқатар өлеңдерін ұлттық аспаптарда сүйемелдеп, әндерін шырқады.
Осыған дейін «Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының» өнер майталмандары Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен 2025 жылғы 18 тамызда Каирде өткен «Citadel Festival» халықаралық іс-шарасына қатысты. Аталған іс-шара Мысырдың Мәдениет министрлігінің қолдауымен, «Cairo Opera House» жергілікті беделді театры тарапынан ұйымдастырылды.
Қазақстан мен Мысыр арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға үлкен серпін берген іс-шара өте жоғары деңгейде өтті.
Қазақтың бай фольклорының бай мұрасын көрсете білген өнерпаздар жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Қазақ өнерпаздардың шығармашылығына деген Мысыр халқының қызығушылығын ескере отырып, МАР Мәдениет министрлігі ү.ж. 20 тамызда Ніл өзенінің бойында орналасқан әйгілі «Мысыр қоғамдық кітапханасының» сахнасында қосымша концерт ұйымдастырды.
Аталған концертке жергілікті зиялы қауым және беделді БАҚ өкілдері қатысып, өткен іс-шара туралы мақалалар жарық көрді.
Өз кезегінде, Елшілік пен ұйымдастырушы тарап осы бағыттағы жұмыстарды белсенді жалғастыруға уағдаласты.