Қазақстан мен Индонезия дін саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Қазақстан мен Индонезия дін саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Джакарта, 2025 жылғы 8 тамыз – Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезияның Дін істері министрі, Джакартадағы Истиклал мешітінің бас имамы Насаруддин Умармен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Дипломат Министрге Исламды нығайтуға және Индонезия мен халықаралық деңгейде түрлі діндер арасындағы диалогты қолдауға қосқан қомақты үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Бұдан бұрын жолданған шақыруға сәйкес Елші 2025 жылғы қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің тұжырымдамасы, мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді. Ол әлемдегі мұсылман халқы ең көп елі – Индонезияның жоғары өкілдерінің іс-шараға қатысуы әлемдік қақтығыс жағдайында жаһандық дінаралық диалогты ілгерілетуге айтарлықтай оң үлес қосатынын атап өтті.

Министр жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздік мақсатында түрлі діни конфессиялар арасындағы келісімді, өзара сыйластықты және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстанның бітімгершілік күш-жігерін жоғары бағалап, қолдауын білдірді.

Тараптар, сондай-ақ екі достас мемлекет арасындағы практикалық өзара іс-қимылдың басқа да мәселелерін талқылады.