Ыстанбұл, 2025 жылғы 10 тамыз – Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы, философы және жазушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай, Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен қазақ диаспорасы өкілдерінің, Ыстанбұл қаласының зиялы қауымы мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен еске алу және мәдени кездесу шарасы ұйымдастырылды.
Шара дәстүрлі түрде Зейтінбұрны ауданындағы Абай алаңында өтті. Жиналған қауым Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы ойшылдың рухына тағзым етті.
Бас консул Нуриддин Аманқұл өз сөзінде Абай Құнанбайұлының мұрасы – қазақ ұлтының рухани тірегі, ұлттық сана мен құндылықтардың негізі екендігін атап өтіп, Абай мұрасының қазіргі заман үшін маңыздылығы мен оның тәлімдік-адамгершілік қағидаттарының қоғам дамуына қосар үлесі кеңінен қамтылғанын еске салды.
Басқосу барысында Ыстанбұлдағы қазақ диаспорасының белсенді мүшелері сөз алып, соңғы жылдары жүзеге асырылған мәдени, білім беру және жастарға бағытталған жобаларға тоқталды.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланған бастамалар таныстырылып, жұртшылықтың ұсыныстары тыңдалды.
Шараның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының бай рухани мұрасын ұлықтап, түркі дүниесі аясында қазақ халқының мәдени-әдеби бейнесін кеңінен таныту, сондай-ақ шет елдердегі қазақтардың бірлігі мен ынтымағын нығайту.
Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оның қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптеуге, өскелең ұрпақты ұлы тұлғалардың өнегесімен тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам екендігін айтты.