Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қытайлық «Shengfeng» компаниясымен талқыланды

Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қытайлық «Shengfeng» компаниясымен талқыланды

Гуанчжоу, 2025 жылғы 1 тамыз – Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Уалихан Сәрсембеков «Guangdong Shengfeng Group» компаниясының вице-президенті Ван Чаосямен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қытайлық тарапқа Қазақстанның қолданыстағы инвестициялық саясаты, шетелдік инвесторлар үшін көзделген мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ цифрлық трансформация, жасыл энергетика, индустриялық кооперация және көлік-логистикалық интеграция бағыттары бойынша жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалар таныстырылды.

Сонымен қатар У.Сәрсембеков 2025 жылы Қазақстанда Қытай туризмінің жылы өткізіліп жатқанын атап өтіп, туризм, креативті индустриялар және өңірлік алмасу салаларында практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Ван Чаося халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясындағы серіктестікті дамытуға компания тарапынан мүдделілік бар екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге бейілділігін растап, өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын бірлесіп пысықтау мақсатында тұрақты жұмыс байланыстарын қолдап отыруға уағдаласты.

«Shengfeng» компаниясы 1993 жылы құрылған және Қытайдың ең ірі 500 жекеменшік кәсіпорнының қатарына кіреді. Қызмет бағытына жылжымайтын мүлік, өнеркәсіптік өндіріс (аэроғарыштық және қорғаныс өнеркәсібіне арналған резеңке өнімдерін жеткізу), қонақүй шаруашылығын басқару, энергетикалық ресурстар, инвестициялар және туризм салалары кіреді.