Жидда, 2025 жылғы 7 тамыз – Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы, ҚР-ның Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Руслан Қоспанов ИЫҰ Бас хатшысының cаяси мәселелер жөніндегі орынбасары Юсеф Әл-Дубеймен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар 2025 жылғы маусым айында Ыстанбұлда өткен ИЫҰ СІМК 51-ші сессиясының қорытындыларын талқылап, көпжақты дипломатия және халықаралық ұйымдар аясындағы алдағы іс-шаралар туралы пікір алмасты.
Қазақ дипломаты ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде, ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары аталған қазақстандық бастаманы жоғары бағалап, оның қазіргі күрделі геосаяси жағдай аясындағы өзектілігін ерекше атап өтті.
Юсеф Әл-Дубей Съездке қатысатынын растап, бұл бірегей алаңның бейбітшілік, рухани келісім және діни төзімділікті нығайтуға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.