Пешаварда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты нығайту бастамалары таныстырылды

Пешаварда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты нығайту бастамалары таныстырылды

Пешавар, 2025 жылғы 29 шілде – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Хайбер-Пахтунхва провинциясының Губернаторы Фейсал Карим Кундидің шақыруымен Хайбер-Пахтунхва провинциясының Сауда-өнеркәсіп палаталарының 1-конференциясына қатысты.

Іс-шара барысында Е. Қыстафин құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы өзекті мәселелерді атап өтіп, іске асырылып жатқан және жоспарланған екіжақты бастамаларға қатысты ақпаратпен бөлісті. Екі елдің іскерлік орта өкілдері арасындағы тікелей байланыстарды орнатудың маңыздылығы ерекше айтып, оны сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың негізгі факторы екенін жеткізді.

Сондай-ақ Елші өңіраралық ынтымақтастықты, соның ішінде Қазақстан-Пәкістан форматындағы өзара іс-қимылды дамыту қажеттілігіне тоқталып, көлік-логистикалық дәліздерді ілгерілетудің маңыздылығын ерекше атап өтті және осы бағытта Қазақстанмен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Сөзінің соңында Елші Хайбер-Пахтунхва делегациясын Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Іс-шара аясында Е. Қыстафин конференция қатысушыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, оның барысында Қазақстанның инвестициялық және экспорттық мүмкіндіктерімен таныстырды.

Сонымен қатар Елші провинция Губернаторы Фейсал Карим Кундимен жеке екіжақты кездесу өткізіп, оның барысында ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Провинция Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үшін өзіндік «кіру қақпасы» екенін ескере отырып, Губернатор Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты орнатуға және нығайтуға терең қызығушылық білдірді.

Кейіннен Елші сал ауруы, омыртқа дисплазиясы, бұлшықет дистрофиясы және басқа да нейродамытушы ауруларға шалдыққан балаларға көмек көрсетуге маманданған «Akbar Kare Institute» оңалту орталығына барды.

Орталықтың қызметімен танысып, Қазақстан мен Пәкістандағы түрлі ауруларға шалдыққан балаларды қолдауға бағытталған оңалту орталықтары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ақпарат алмасу, озық тәжірибені зерттеу және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

2005 жылы негізі қаланған AKI орталығы ерекше қажеттіліктері бар балаларға тегін және кешенді қолдау көрсетеді. Мекеме ата-аналарды оңалту процесіне белсенді тартуды көздейтін отбасылық-бағытталған көмек моделіне ерекше назар аударады.