Қазақстан Елшісі мен «Oman Air» басшысы әуе қатынасын кеңейту мен туризмді дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан Елшісі мен «Oman Air» басшысы әуе қатынасын кеңейту мен туризмді дамыту мәселелерін талқылады

Масқат, 2025 жылғы 29 шілде – Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісі Айдарбек Тұматов Оманның ұлттық әуе тасымалдаушысы «Oman Air» компаниясының Бас директоры Кон Корфиатиспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация мен туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашақ мүмкіндіктерін талқылады. Масқат-Алматы бағытының танымалдығының артуына байланысты омандық «Salam Air» әуе компаниясының қолданыстағы тікелей рейстер саны аптасына үштен төртке дейін көбейтілгені аталып өтті. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Оманның басқа қалалары арасындағы жаңа бағыттарды дамытуға, сондай-ақ Алматыны транзиттік хаб ретінде пайдаланып, Қытайға бағытталған рейстерді іске қосуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар А. Тұматов Қазақстанда қолданылатын бесінші деңгейдегі «ашық аспан» режимінің мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Бұл бастама шетелдік әуе компанияларына еліміздің аумағы арқылы транзиттік рейстер орындауға мүмкіндік береді, нәтижесінде жолаушылар тасымалы үшін жаңа мүмкіндіктер береді.

Тараптар өзара тиімді серіктестікті дамытуға деген ортақ ниеттерін растап, қазіргі ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтерудің әлеуетін атап өтті.

Сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері алдағы қазан айына жоспарланған Қазақстан мен Оман арасындағы Үкіметаралық комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілетіні айтылды. Екі елдің уәкілетті органдары ұсынылған бастамаларды іске асыру бойынша техникалық консультациялар өткізеді деп күтілуде.