Қазақстан мен Индонезия саяси диалогты нығайтуда

Қазақстан мен Индонезия саяси диалогты нығайтуда

Джакарта, 2025 жылғы 28 шілде — Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезия Республикасы Президенті Кеңсесінің Басшысы Анто Мукти Путрантомен кездесу өткізіп, екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Елші сұхбаттасушыға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық тиімді және әділ мемлекет құруға, еліміздегі демократиялық институттар мен құқық қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталған жүйелі реформаторлық және жасампаз қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Кездесу барысында қазақ дипломаты екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, Мемлекет Басшысының Индонезия Президенті Прабово Субиантоға жолдаған алдағы уақытта Қазақстанға сапармен келуге ресми шақыруын табыстады. 

Анто Мукти Путранто, өз кезегінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейі мен дәстүрлі достық сипатын жоғары бағалай отырып, Индонезия тарапының Қазақстанмен түрлі салаларда өзара тиімді серіктестікті үдемелі дамытуды жалғастыруға дайындығын растады. Осыған байланысты, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзара қызығушылық танытатын өзекті мәселелерін және алға қойылған жоспарларды іске асыру жолдарын талқылады.