Әл-Кувейт, 2025 жылғы 23 шілде – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейттің Сыртқы істер министрі Абдалла Әли Әл-Яхьямен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан Елшісі еліміз Кувейтпен саяси ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ экономикалық және инвестициялық диалогты тереңдетуге ұмтылатынын атап өтті.
Қазақ дипломаты Кувейттің сыртқы саяси ведомствосының басшысын Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарымен таныстырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметінің алдына 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнім көлемін 450 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту міндетін қойғанын атап өтті. Сонымен қатар осы кезеңде елге 150 млрд АҚШ доллары сомасына тікелей шетелдік инвестициялар тарту жоспарлануда.
Осыған байланысты қазақ тарапы Кувейт бизнес-қоғамдастығының өкілдерін агроөнеркәсіптік кешенді, логистика мен жасанды интеллектті қоса алғанда, экономиканың неғұрлым перспективалы салаларындағы инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруға шақырды.
Кездесу аясында Қазақстан Елшісі Кувейт Сыртқы істер министріне сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.
Сұхбат соңында Е. Елекеев өзара сенім, ортақ өркендеу мен берік достыққа негізделген Қазақстан мен Кувейт арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға сенім білдірді.