Оттава, 2025 жылғы 21 шілде – Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігі Бейбітшілік пен дипломатия институтымен (Institute for Peace and Diplomacy, IPD) бірлесіп, Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына арналған вебинар-брифинг өткізді.
Іс-шара Канада делегацияларының 2025 жылғы 29-30 мамырда өткен Астана халықаралық форумына және 4-5 маусымда өткен Халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысу сапарларының қорытындысы бойынша ұйымдастырылды.
Вебинарға Канада Парламентінің депутаттары, федералдық және провинциялық билік өкілдері, іскерлік және академиялық орта мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Елшісі Дәулетбек Құсайынов пен Канаданың Елшісі Кристофер Дагган өз сөздерінде энергетика, тау-кен металлургия кешені және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. Сонымен қатар олар Орталық Азия аймағында канадалық бизнестің өсіп келе жатқан қатысуын қолдау үшін саяси диалогты тереңдетудің маңыздылығын ерекше атап көрсетті.
Осы орайда, «Maqsut Narikbayev University» өкілі Мирас Жиенбаев Қазақстан сыртқы саясатының эволюциясына және қазіргі геосаяси жағдайда Астана мен Оттава арасындағы саяси өзара іс-қимылдың мүмкін бағыттарына өз көзқарасын білдірді.
Өз кезегінде Бейбітшілік пен дипломатия институтының басшысы Юнес Зангиабади Астанада өткен іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды, ал Онтарио провинциясындағы Садбери қаласының әкімдігінің өкілі Елена Зубудская канадалық бизнестің Қазақстандағы тау-кен Конгресіне қатысуы және форум алаңында қол жеткізілген уағдаластықтар туралы хабардар етті.
«Arras Minerals» компаниясының президенті Даррен Клинк Қазақстанда бизнес жүргізу тәжірибесімен бөлісіп, шетелдік инвесторлардың еліміздегі қатысуын кеңейту үшін қолайлы жағдайлар бар екенін атап өтті.
Жалпы, бұл іс-шара Қазақстан мен Канада арасындағы іскерлік өзара іс-қимылдың практикалық қырларын талқылауға мүмкіндік беріп, екі елдің перспективалы салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілігін тағы бір мәрте растады.