Варшава, 2025 жылғы 15 шілде – Қазақстанның Елшісі Нұрлан Жалғасбаев Польша Республикасының ауыл шаруашылығы және ауылды дамыту Вице-министрі Яцек Чернякпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Қазақ дипломаты Қазақстанның Еуропалық Одақ кеңістігіндегі маңызды серіктесі ретінде Польшаның маңыздылығын, сондай-ақ Польшаның агроөнеркәсіптік кешенінің жоғары деңгейін атап өтті. Астық пен ұн экспортының тұрақты өсуін қоса алғанда, Қазақстанның аграрлық саясатының негізгі бағыттары, сондай-ақ Қазақстанда Organic Food өнімдерін өндіру жөніндегі жобаларды іске асырудағы артықшылықтар ұсынылды.
Поляк сұхбаттасушысы тарапынан Польшаның Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесі ретінде қарастырылатын Қазақстанмен өзара іс-қимылды дамытуға мүдделілік расталды.
Я.Черняк Қазақстандық агроөнеркәсіптік сектордың әлеуетін жоғары бағалады, сондай-ақ агротехнологиялар трансферін, сауданы дамытуды және поляк бизнесінің Қазақстан аумағындағы инвестициялық жобаларға қатысуын қоса алғанда, өзекті бағыттар бойынша диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Қазақстандық тарап инвестициялық өзара іс-қимыл үшін нақты салаларды ұсынды: астықты, майлы дақылдарды, қант қызылшасын, картопты, жемістерді, ет пен сүтті өңдеу, сондай-ақ балалар тағамын өндіру. Мал бордақылау және көрші нарықтарға ет жеткізу перспективасы бөлек аталып өтті.
Кездесу соңында тараптар диалогты қолдауға өзара мүдделілігін растады және агроөнеркәсіптік ынтымақтастықтың жекелеген бағыттары бойынша консультацияларды жалғастыруға уағдаласты.