Қазақстан мен Әзербайжан телерадио хабар тарату саласындағы ынтымақтастықты арттыруда

Қазақстан мен Әзербайжан телерадио хабар тарату саласындағы ынтымақтастықты арттыруда

Баку, 2025 жылғы 14 шілде — Қазақстанның Бакудағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасының Аудиовизуалды кеңесінің төрағасы Исмет Саттаровпен кездесті. Аудиовизуалды кеңес Әзербайжанда телерадио хабар тарату саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мен осы қызметті реттеуді қамтамасыз етеді.

Ә.Байел бұқаралық ақпарат құралдарының екіжақты ынтымақтастықты жария етудегі ерекше маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен Орталық Азия туралы жаңалықтарды тұрақты әрі сапалы түрде насихаттап отырғаны үшін әзербайжандық тарапқа алғысын білдірді. Сонымен қатар Елші қазақстандық «Jibek Joly» телеарнасының сигналын Әзербайжанның 14 кабельдік операторлары арқылы қайта трансляциялауға көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ дипломат «24KZ» және «Qazaqstan International» сияқты қазақстандық телеарналардың Әзербайжан аумағында трансляцияға қызығушылық танытып отырғанын хабарлап, Әзербайжанның «CBC TV» телеарнасының Қазақстанда таралуына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде И.Саттаров «Jibek Joly» телеарнасының Әзербайжанда кеңінен көрсетіліп жатқан Орталық Азияның жалғыз телеарнасы екенін, оның «CNN» және «Euronews» сияқты танымал батыс телеарналарымен қатар таратылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол қазақстандық телеарналарды «Azerspace» спутнигіне қосуға көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Бұдан бөлек, Елші Ә.Байел «Balapan» телеарнасының өнімдерін Әзербайжан аумағында көрсету бастамасын көтерді. Өз кезегінде И.Саттаров қазақ мультфильмдерін әзербайжан тіліне аударып, оларды Әзербайжанда көрсету мақсатында елдегі жалғыз балалар арнасы – «Günəş» телеарнасымен ынтымақтастық орнату бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.