Ыстанбұлда ұлттық домбыра күні кеңінен аталып өтті

Ыстанбұлда ұлттық домбыра күні кеңінен аталып өтті

Ыстанбұл, 2025 жылғы 6 шілде – Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен, Ұлттық Домбыра күніне орай түрік мегаполисінің әртүрлі аудандарында бірқатар ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Соңғы жылдары шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық Домбыра күні – қазақ халқының тарихи-мәдени құндылықтарын ұлықтап, дәстүрлі өнерді насихаттауға бағытталған маңызды мерекелердің бірі. Осыған орай Түркияда білім алатын қазақстандық студенттер, қандастарымыз бен өнерге жанашыр түрік азаматтарынан құралған шығармашылық топ Ыстанбұлдың көрнекті тарихи және туристік орындарында – Үскүдардағы Қалатепе алаңы, Қыз Күлесі, Сұлтанахмет алаңы және Галата мұнарасы маңында арнайы күй концертін өткізді.

Концерттік бағдарламалар аясында орындалған халқымыздың әйгілі күйлері қала тұрғындары мен шетелдік туристердің ерекше қызығушылығын тудырып, қазақтың ұлттық музыкасына деген жылы ықыласын танытты. Тыңдарман қауымға тек домбыра сазы ғана емес, сонымен қатар оның философиялық, тәрбиелік маңызы да түсіндірілді.

Мерекелік шараның шарықтау шегі – Зейтінбұрны ауданындағы Абай Құнанбайұлы атындағы алаңда өткен қорытынды концерт болды. Бұл концертке жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, түрік достарымыз және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Ұлттық Домбыра күні аясында өткен бұл шаралар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі нығайтып, Қазақстанның бай өнерін халықаралық аренада кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл мереке арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру, тарихи жадыны жаңғырту және қазақ өнерінің құндылығын дәріптеу көзделді.