Казахстан мен Люксембург дипломатиялық қатынастарын нығайтуда

Казахстан мен Люксембург дипломатиялық қатынастарын нығайтуда

Люксембург, 2025 жылғы 22-23 маусым – Қазақстанның Бельгия және Люксембургтегі Елшісі Марғұлан Баймұхан жұмыс сапарымен Люксембургке барып, Ұлы Герцогтік Ұлттық күніне арналған салтанатты іс-шараларға қатысып, елдің саяси және дипломатиялық топтарының өкілдерімен кездесті.

Сапар аясында қазақ дипломаты Люксембургтің жоғары лауазымды саясаткерлерін Ұлттық күнімен құттықтап, сондай-ақ Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің өкілдерімен алдағы екіжақты іс-шараларды дайындау мәселелерін талқылады.

Ұлы Герцогтіктің Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі  Ксавье Беттельмен сұхбат барысында екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту қадамдары қарастырылды. К. Беттель Люксембург тарапынан Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік бар екенін атап өтті.

Ұлы Герцогтік Парламентінің Спикері Клод Вислермен және Еуропарламент депутаты Изабель Вислер-Лимамен өткен кездесуде парламентаралық бағыттағы жоспарланған іс-шаралар талқыланды. Атап айтқанда, К. Вислер қазақстандық парламентшілердің биылғы қазан айында Люксембургке сапар жасау ниеттерін құптады.