Баку, 2025 жылғы 23 маусым – Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасының Экономика министрі Микаил Джаббаровпен кездесті. Тараптар сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика және құрылыс салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Ә. Байел екі ел арасындағы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында бұл өсім 20% құрады. Әсіресе, 2025 жылы Қазақстанның алғаш рет Әзербайжанға негізгі бидай жеткізушіге айналып, осы елдің астық импортының 88% қамтамасыз еткені үлкен қанағат сезімін тудырады.
Өз кезегінде М. Джаббаров Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту Әзербайжан үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Осы орайда ол Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ), Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тарту, Қазақстанның энергия ресурстарын Әзербайжан арқылы тасымалдау және Каспий теңізінің түбімен электр кабелін тарту сынды ірі бірлескен жобалардың іске асырылуын жоғары бағалады. Бұл жобалар геоэкономикалық тұрғыдан бүкіл өңір үшін маңызды.
Ә. Байел Қазақстан басшылығы Әзербайжанмен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Осы тұрғыда ол Қазақстанда инфузиялық ерітінділерді бірлесіп өндіруді жолға қоюды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан Елшісі Әзербайжан тарапына Алакөл жағалауында сауықтыру-курорттық кешенін салуды ұсынды. М. Джаббаров бұл бастамалар бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Тараптар жобаларды іске асырудың механизмдерін талқылады.
Сондай-ақ тараптар тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу бағытында құрылыс компанияларының қызметін кеңейту мәселесін талқылады. Қазіргі уақытта Қазақстанның бірқатар компаниялары Әзербайжанда медициналық және тұрғын үй нысандарын салуды бастап кеткені ризашылықпен аталып өтті. Қазақстан аумағында да осы бағыттағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылуда.