Әбу Дабиде Қазақстан мен БАӘ қарым-қатынастарының даму перспективалары талқыланды

Әбу Дабиде Қазақстан мен БАӘ қарым-қатынастарының даму перспективалары талқыланды

Әбу Даби, 2025 жылғы 19 маусым – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек БАӘ Сыртқы істер министрінің орынбасары Омар әл-Шамсимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен БАӘ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешегі талқыланып, барлық бағыттар бойынша өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығына назар аударылды.

Тараптар Әбу Даби Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның биыл 12 мамырда Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген келісімдерді уақтылы іске асырудың өзектілігін атап өтті.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстан Елшісі сенім грамоталарының көшірмесін табыс етті.

Омар әл-Шамси қазақ Елшісін Әмірліктердегі дипломатиялық миссиясының басталуымен шын жүректен құттықтап, екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайту жолындағы қызметіне табыс тіледі.