ПХЭФ аясында Қазақстан-Ресей бизнес-диалогы өтті

ПХЭФ аясында Қазақстан-Ресей бизнес-диалогы өтті

Санкт-Петербург, 2025 жылғы 18 маусым – XXVIII Петербург халықаралық экономикалық форум аясында өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа өрісіне арналған Қазақстан-Ресей бизнес-диалогы өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, іскерлік және сараптамалық қоғамдастықтардың өкілдері, екі елдің кәсіпкерлері, Еуразиялық экономикалық комиссия қызметкерлері қатысты.

Кездесуді аша отырып, РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Владимир Падалко Қазақстан-Ресей сауда-экономикалық ынтымақтастығының жоғары деңгейін және оны арттырудың кең перспективаларын атап өтті.

Өз тарапынан ҚР РФ Елшісі Дәурен Абаев жиналғандарды екіжақты ынтымақтастықтағы негізгі экономикалық бағыттармен және жетістіктермен таныстырды. Өзара іс-қимыл үшін перспективалы салалардың ішінде ол сыни шикізатты игеруді, агроөнеркәсіптік кешенде, туризмде, цифрландыруда бірлескен жобаларды іске асыруды, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды атады. Елші бірлескен күш-жігермен екі ел тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ете алатынына және өз азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыра алатынына сенім білдірді.

Оны бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеген Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Гоар Барсегян қолдады. Ол қуатты экономикалық базаның, географиялық жағдайдың және жоғары кадрлық әлеуеттің арқасында Ресей мен Қазақстан тиімді екіжақты өзара іс-қимылдың үлгісін көрсетіп отырғанына назар аударды.

Сол сияқты бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеген Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесінің қазақстандық тараптан төрағасы, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы мен бірқатар Беларусь кәсіпорындарының қатысуымен комбайндарға арналған кабиналар өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру жөніндегі жобаны өнеркәсіптік кооперацияның сәтті үлгісі ретінде атап көрсетті. Сонымен қатар, ол тауарларды ғана емес, қызметтерді де экспорттауды ұсынды.

Іскерлік кеңесінің Ресей тарапының төрағасы, «Росхим» АҚ Бас директоры Эдуард Давыдов екі жақты сауданың жыл сайынғы көлемі бірнеше жылдар бойы 26 млрд-тан кемімей келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтті. «Диалогтың табыстылығының формуласы – бұл бизнестің ынтымақтастығы, өзара сауда және инвестициялар, бірлескен өнеркәсіптік жобалар, өндірісті жергіліктендіру, компаниялар құру», – деп атап өтті ол.

Бұл тезиспен іс-шараға қатысушылар – екі елдің іскер топтарының өкілдері де келісті.

Атап айтқанда, «Славтранс-Сервис» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Голландцев Мәскеу маңындағы Селятинода көлік-логистикалық орталық құру жөніндегі жобаны іске асыруға жәрдемдескені үшін қазақстандық әріптестеріне алғысын білдірді. Бұл жоба Сиандағы Қазақстан-Қытай терминалы, Ресей және басқа елдер арасындағы тікелей көлік қатынасын дамытуға мүмкіндік береді.

Ал «Мәскеу экспорттық орталығы» АКЕҰ Бас директоры Виталий Степанов Қазақстанды елордалық компаниялар арасында жеткізудің ең сұранысқа ие бағыттарының бірі деп атап, оң динамикаға назар аударды – өткен жылдың өзінде өсім 17%-ды құраған. «Біздің ынтымақтастығымыздың әлеуеті шексіз. Перспективалы салалардың қатарында – IT, медицина, құрылыс, тамақ өнеркәсібі салалары, кең тұтыну тауарлары. Біз Мәскеу контрагенттері өздерінің қазақстандық серіктестерін табуы үшін бар күшімізді саламыз», – деп уәде берді ол.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтары туралы Қатысушыларды қолдау және тарту департаментінің директоры Жанна Диярова айтып берді. Олардың ішінде икемді құқықтық режим, қаржы нарығының тұрақтылығы мен ашықтығы, заңдарды әділ қолдану және дауларды реттеу, компанияларды ашу үшін ұйымдық-құқықтық нысандардың кең таңдауы, жеңілдетілген еңбек және визалық режимдер, салықтық жеңілдіктер бар.

Кездесуді қорытындылай келе, оның қатысушылары заманауи экономикалық шындықтар кооперация үшін жаңа тәсілдерді, озық технологияларды енгізуді, жаһандық трендтерге бейімделуді және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде интеграцияны нығайтуды талап ететінін атап өтті. Олардың пікірінше, технологиялық трансформация жағдайында машина жасау, энергетика, цифрлық шешімдер және экология саласындағы бірлескен жобаларды дамыту ерекше рөл атқарады. Екі елдің табысты өзара іс-қимылы ғылыми-техникалық зерттеулердің дамуына, тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өндіріс шығындарын төмендетуге ықпал ететін болады.