Куала-Лумпур, 2025 жылғы 16 маусым – Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Куала-Лумпур мэрі Маймуна бинти Мохд Шарифпен кездесті.
Қала басшысы мәдениетаралық байланыстар елдер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін ең сенімді және берік іргетас екенін атап өтіп, Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін жоғары бағалады. Ол екі елдің қалалары арасындағы мәдени алмасуды дамытудың маңыздылығына тоқталып, екіжақты тәжірибе мен шығармашылық бастамалар алмасуды белсенді қолдауға дайын екенін білдірді.
Тараптар Алматы мен Куала-Лумпур арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Бұл мегаполистердің архитектуралық және тұжырымдамалық ұқсастығы урбанистика, «ақылды қалалар» және тұрақты жоспарлау саласында тәжірибе алмасуға берік негіз бола алатыны аталып өтті.
Алдағы мәдени іс-шаралар – Қазақстан қалалары әкімдіктері делегацияларының Куала-Лумпурдағы халықаралық көрмелерге қатысуы, Малайзияда Алматы туризм күндерін өткізуі, сондай-ақ «Гүлдер» би ансамблінің өнер көрсетуі және басқа да мәдени іс-шаралар аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Келіссөздер екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың жоғары серпінін көрсетті және мәдениет, туризм, инвестициялар және тұрақты қала дамуы салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашты.