Амман қаласында Қазақстан-Иордания іскерлік кеңесінің өткізілуі талқыланды

Амман қаласында Қазақстан-Иордания іскерлік кеңесінің өткізілуі талқыланды

Амман, 2025 жылғы 15 маусым – Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Талғат Шалданбай Қазақстан-Иордания іскерлік кеңесінің иордан тарапынан тең төрағасы – ИХК Сауда палатасының төрағасы Халил Әл-Қажы Тауфикпен кездесті.

Аталған кездесуге Иорданияның әртүрлі провинцияларынан ауыл шаруашылығы, ет өндіру, фармацевтика, денсаулық сақтау, көлік, логистика, туризм және басқа салалар секілді ұлттық экономиканың негізгі секторларына жауапты Сауда палатасы басшылығының мүшелері қатысты.

Тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолдарын, оның ішінде, іскерлік кеңестің кезекті отырысын үстіміздегі жылғы тамыз айында Астана қаласында өткізу мәселесін талқылады.

Елші аталған іс-шараға алдын ала дайындықты қолға алудың қажеттігін атап өтті. Екі елдің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, фармацевтика, көлік-логистика, құрылыс, тау-кен кәсіпорындары мен IT-компанияларын тарту қажеттігіне назар аударды.

Х. Тауфик Иордания экономикасының жетекші салаларының негізгі ойыншыларын қатыстыра отырып, Іскерлік кеңестің кезекті отырысын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге дайындығын растады.

Кездесу соңында сұхбаттасушылар екі елдің тиісті сарапшыларын тарту арқылы Іскерлік кеңестің мазмұнды және ұйымдастырушылық-протоколдық мәселелерін пысықтауды жалғастыруға келісті.