Қазақстан мен Үндістанның өңірлік ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде

Қазақстан мен Үндістанның өңірлік ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде

Мумбай, 2025 жылғы 12-13 маусым – Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараевтың Махараштра штатының Мумбай қаласына сапары өтті.

Сапар аясында қазақ дипломаты Махендра Кумар Сангхи басқаратын Қазақстанның Үндістандағы Құрметті консулдығының кеңсесіне барып, ұжымның жұмысымен танысты. Мумбайдың Үндістанның қаржы астанасы ретіндегі маңызын ескере отырып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды. Осы орайда құрметті консулдың алдына Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жұмысын жандандыру тапсырмасы қойылды.

Сонымен қатар А. Есқараев Мумбайда орналасқан «Lilavati Hospital & Research Centre» көпсалалы жекеменшік клиникасында болып, Прашант Мехта бастаған басқарушы топпен келіссөздер өткізді. Тараптар Қазақстанда шамамен 30 млн АҚШ доллары көлемінде медициналық мекеме салу бойынша инвестициялық жобаның егжей-тегжейін талқылады. Қазақстан Елшісінің қатысуымен аталған жобаны іске асыруға үнді тараптың мүдделілігін растайтын Ниет хатына қол қойылды.

ҚР Елшісі бастаған қазақ делегациясы құрамында Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығметов пен «Dala Edge Creative Tech Park» басшысы Данат Жумин болды. Делегация Үндістанның Ақпарат және хабар тарату министрлігіне қарасты фильмдер өндіру және таратуға маманданған мемлекеттік мекеме – «Films Division of India» өкілдерімен ресми кездесулер өткізді.

Сондай-ақ делегация кино, коммуникация, шығармашылық және орындаушылық өнер салаларында Үндістанның жетекші оқу орындарының бірі болып саналатын «Whistling Woods International» басшылығымен және Үндістан үкіметінің Ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрлігіне қарасты Фильм және теледидар институтының өкілдерімен кездесулер өткізді.

Қазақстандық делегация Үндістанның киноиндустриясымен және тиісті мекемелердің жұмысымен танысты.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, бірлескен киноөнімдер шығару (co-production), қазақ киносын Үндістан нарығына ілгерілету, сондай-ақ кино білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Бұл ретте, екі ел арасындағы жақындасуға және бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға серпін беретін бағыт ретінде білім беру қызметтері мен креативті өнім экспортын дамытуға баса назар аударылды.

Нәтижесінде, қазақс тарапы үнді серіктестерін Қазақстанның бірегей локацияларында түсірілім жұмыстарын жүргізу, тақырыптық кинофорумдарға қатысу, сондай-ақ Каскелен қаласында орналасқан және «Dala Edge»-тің негізгі жобасы «New York Film Academy» (NYFA) жаңа халықаралық кампусымен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.