Марибор, 2025 жылғы 13 маусым – «Slovenian Global Forum 2025» аясында Қазақстанның Словениядағы Елшісі Данияр Сарекенов Экономика, туризм және спорт министрі Матьяж Ханмен кездесті.
Форум жаңа нарықтарды жаулап алу үшін тұрақты инновациялық шешімдерді ұсына отырып, словениялық компаниялардың халықаралық мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ Словенияның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Сұхбат барысында Елші Словения Президенті Наташа Пирц Мусардың Қазақстанға жақында жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді іске асырудың маңыздылығына баса назар аударды.
Атап айтқанда, дипломат Азия мен Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалын ұлғайту және тауар айналымын арттыру үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) маңызды рөлін атап өтіп, осы жаһандық бастамаға қосылуға шақырды.
Д. Сарекенов сонымен қатар словениялық туристік компаниялар мен салалық бірлестіктердің өкілдерін қатысуға, сондай-ақ өзара ақпараттық турларды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға шақырды.
Бизнестегі жасанды интеллект мүмкіндіктерін қоса алғанда, озық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан логистикада, цифрлық экономикада және туристік ағындарды басқаруда жасанды интеллект шешімдерін белсенді пайдаланатын словениялық компаниялармен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Осы тұрғыда тараптар бизнес-процестердің тиімділігін арттыруға және инновациялық ортаны кеңейтуге бағытталған тәжірибе алмасу мен бірлескен жобалардың перспективаларын атап өтті.
Өз кезегінде М. Хан Қазақстан Словенияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі болып табылатынын мәлімдеп, ынтымақтастықтың барлық басым сауда-экономикалық бағыттары бойынша серіктестікті нығайтуға барынша жәрдем көрсететініне сендірді.