Баку, 2025 жылғы 13 маусым – Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінде Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Алим Байелдің қос елдің ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесуі өтіп, шараға Қазақстаннан келген өндірушілер, сондай-ақ Әзербайжанның ірі агроөнеркәсіптік компаниялары, супермаркеттер желілері мен ұн тарту кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі еліміздің аграрлық-өнеркәсіптік кешендегі инвестициялық мүмкіндіктері, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы басым жобалары туралы ақпарат беріп, кәсіпкерлерді белсенді инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылға шақырды.
Ә. Байел 2025 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымының 20%-ға өскенін атап өтті. Екіжақты сауда тәуелсіздік кезеңіндегі рекордтық деңгейге шыққан.
«Биыл Қазақстанның Әзербайжанға негізгі астық жеткізушісіне айналғаны ерекше қуантады. 2025 жылғы қаңтар-мамыр кезеңінде Қазақстан астығының Әзербайжанға экспорты 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86%-ға ұлғайып, 450 мың тоннаны немесе 95 млн АҚШ долларын құрады. Әзербайжан импортының жалпы көлемінде Қазақстан бидайының үлесі рекордтық 88% құрайды», – деді қазақ дипломаты.
Бұл екі елдің тиісті құрылымдарының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды. Атап айтқанда, өткен жылы Қазақстанның Бакудағы Елшілігінде ауыл шаруашылығы форумы ұйымдастырылды. ҚР Елшісі дихандар мен кәсіпкерлерді қол жеткізілген табысты жалғастыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қоюға шақырды.
Кездесу аясында бизнес-қоғамдастық өкілдері екіжақты ынтымақтастықты күшейту бойынша пікірлерін білдірді. Іс-шара барысында екі елдің компаниялары арасында В2В кездесулер өтті.
Қазақстан Әзербайжанға астық, алюминий, химикаттар, металл мен мұнай өнімдерін экспорттайды және бұл елден машина жасау өнімдерін, этилен полимерлерін және азық-түлікті импорттайды.