Батуми, 2025 жылғы 12 маусым – Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Аджария Автономиялық Республикасына барды.
Аджария Үкіметінің жаңадан тағайындалған төрағасы Сұлхан Тамазашвилимен кездесу барысында логистика, туризм, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында, сондай-ақ іскер топтар арасындағы серіктестік байланыстарды кеңейту бойынша Қазақстан өңірлерімен Автономияның қарым-қатынасын дамыту мәселелері талқыланды.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалын дамытуға ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда «ҚазТрансОйл» АҚ иелігіндегі Батуми мұнай терминалы мен Батуми теңіз портының тиімді операциялық қызметі аталып өтті.
Аджария Үкіметінің төрағасы Елшіні өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетімен таныстырып, Қазақстанның өңірлерімен түрлі салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік білдірді.
Бұған Батуми мен Астана және Алматы арасында тікелей әуе рейстерінің, сондай-ақ Қазақстанның Аджариядағы Құрметті консулдығының болуы ықпал етеді.
Елші қазақстандық инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасап жатқаны үшін Аджария Үкіметіне алғысын білдірді.
Кездесуге Аджарияның Қаржы және экономика министрі Джаба Путкарадзе, Үкімет әкімшілігінің басшысы Георгий Цинцадзе және Батуми теңіз портының бас директоры Ұлан Тілеуғали қатысты.