Афина, 2025 жылғы 11 маусым – Грек Республикасының инвестицияларды және экспортты қолдау жөніндегі ұлттық агенттігі «Enterprise Greece»-тің штаб-пәтерінде Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин агенттіктің Бас атқарушы директоры Маринос Яннопулоспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған кең ауқымды мәселелерді талқылады. Алдағы биік және жоғары деңгейдегі сапарлар аясында бизнес-форум ұйымдастыру және грек компаниялары делегациясының Қазақстанға сапарын өткізуге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі, биотехнология, электроника, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және инновациялар тәрізді перспективалы салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Келіссөздердің қорытындысында тараптар практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге өзара мүдделілігін растап, Қазақстан-Грекия экономикалық байланыстарын әртараптандыруға және кеңейтуге бағытталған нақты жобаларды іске асыруға даяр екендіктерін білдірді.
«Enterprise Greece» – Грекия Республикасының Сыртқы істер министрлігіне қарасты ұлттық агенттік, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту және грек экспортының халықаралық нарықтарға жылжытылуы үшін жауап береді.
2022 жылы «Enterprise Greece» пен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, бұл Қазақстан мен Грекия арасындағы серіктестікті кеңейтуге қосымша институционалдық негіз қалады.