Рига, 2025 жылғы 10 маусым – Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Орман зерттеу станциясына және «Mežvidi» тәлімбағына барды.
Орман станциясының директоры Мартиньш Лидумспен кездесу барысында ормандарды қалпына келтіру бойынша латвиялық тәжірибені Қазақстанға енгізу және мамандарды даярлау мәселелері талқыланды.
«Латвия мемлекеттік ормандары» АҚ «Тұқымдар мен көшеттер» тәлімбағының директоры Марис Друваскалнспен сұхбат барысында латвиялық технологияларды, ғылыми әзірлемелер мен отырғызу материалын пайдалана отырып, Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген көшет өсіру саласында ынтымақтастық орнату мүмкіндігі қарастырылды.
Осыған байланысты бірлескен жобаларды жүзеге асыруды бастау үшін саладағы қазақстандық мамандардың сапары туралы келісімге қол жеткізілді.
Орман ғылыми-зерттеу станциясы – Латвия Мемлекеттік орман ғылыми-зерттеу институты «Silava» және Ауыл шаруашылығы және технология университеті құрған мемлекеттік мекеме. Станция мемлекеттік меншігіндегі ғылыми-зерттеу ормандарын басқарады, ғылыми зерттеулер үшін инфрақұрылымды, ұзақ мерзімді ғылыми-зерттеу объектілерін, қоршаған орта мен орман мониторингін қамтамасыз етеді, орман шаруашылығындағы кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыруға қолдау көрсетеді.
Қазіргі уақытта орман алқаптары республика аумағының 52% құрайды.