Хиросима префектурасының Губернаторы Қазақстанның ядролық қаруды таратпаудың жаһандық үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалайды

Хиросима префектурасының Губернаторы Қазақстанның ядролық қаруды таратпаудың жаһандық үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалайды

Токио, 2025 жылғы 9 маусым – Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Хиросима префектурасының Губернаторы Хидэхико Юзакимен кездесу өткізіп, оның барысында тараптар халықаралық ядролық қаруды таратпау режимінің қазіргі ахуалын талқылады.

Жапония саясаткері Елшіні жаһандық бейбітшілік үшін Хиросима ұйымының (Hiroshima Organization for Global Peace – «HOPE») ағымдағы қызметімен таныстырып, гуманитарлық ынтымақтастық, қауіпсіздік және тұрақты даму салаларында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Х. Юзаки Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау саласындағы бастамаларын және 2025 жылғы 3 наурызда Нью-Йоркте өткен Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің 3-ші конференциясында Астананың төрағалығын жоғары бағалады. Ол сондай-ақ білім беру және халықты ақпараттандыру іс-шараларын жүзеге асыру арқылы «ядролық қарусыз әлем» құру үшін ынтымақтастықты тереңдетуге ниет білдірді.

Өз тарапынан Е. Баударбек-Қожатаев сұхбаттасты Қазақстан Республикасының қауіпсіздік саласындағы сыртқы саясатының негізгі аспектілері және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «The Hill» американдық басылымында жарияланған жаһандық ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі идеялары туралы хабардар етті.

Тараптар Хиросима префектурасы мен Абай облысы арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету әлеуетін талқылады және ынтымақтастықты орнату, оның ішінде өзара сапарларды ұйымдастыру және білім беру бағдарламаларын іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.