Люксембург, 2025 жылғы 6 маусым – БеНиЛюкс Сауда палатасы ұйымдастырған Қазақстан компанияларының Бельгия мен Люксембургке жасаған іскерлік миссиясы аясында Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сауда палатасында Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Люксембург Сауда палатасы мен Қазақстанның Люксембургтегі Елшілігінің қолдауымен өткен іс-шараға Қазақстан мен Люксембургтің 20-дан астам жетекші компаниясының өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Люксембург Сауда палатасының халықаралық департаментінің директоры Синди Тереба екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті. Ол экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетудің зор әлеуетіне назар аударды.
Өз кезегінде, Люксембургтің Қазақстандағы Елшісі Том Райзен Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық рөлін атап өтіп, көлік, логистика және өзге де салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына сенім білдірді.
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов холдингтің қызметі мен Люксембургтің қаржы институттарымен табысты серіктестігі туралы айтып берді. Атап айтқанда, Люксембургте орналасқан Еуропалық инвестициялық банкпен жемісті ынтымақтастық орнатылғаны аталып өтті.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің кеңесшісі Айдар Аққазынов қатысушыларды шетелдік инвесторларды тарту және қолдау бойынша Қазақстан Үкіметі қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты орнату мен кеңейтудің нақты жолдары бойынша мазмұнды келіссөздер өтті.
Люксембург Сауда палатасы 96 000-нан астам компанияны біріктіреді. Бұл компанияларда елдегі жалдамалы жұмысшылардың 75%-ы еңбек етеді және олар Люксембургтің ЖІӨ-нің 80%-ын құрайды.