Нидерландта белгілі қазақ суретшісінің көрмесі өтті

Нидерландта белгілі қазақ суретшісінің көрмесі өтті

Вассенар, 2025 жылғы 4 маусым – Көрнекті қазақ суретшісі Ерболат Төлепбайдың шығармашылығына арналған мәдени шара өтті. Кешке корольдік отбасы мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық корпус, ғылыми және көркем өнер саласының, халықаралық ұйымдардың, БАҚ және іскер топтардың өкілдері қатысты. Кештің басты назарында қазақ мәдениетінің терең символикасы мен философиясын бейнелейтін жеке көрмесі болды.

Осы шараға арнайы шығарылған каталогта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мынадай сөздері мәтінді алдын ала ашты: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр».

Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі Қайрат Әбдірахманов атап өткендей, Шебердің өнері – бұл жай ғана қазақ мәдениетінің көрінісі емес, ол – біздің ұлттық бірегейлігіміздің, тарихи жадымыздың және қазақ халқының қайсар рухының тірі көрінісі. Ерболат Төлепбайдың терең символизм мен рухани үйлесімге толы шығармалары арқылы біз Ұлы Даланың әлеміне енеміз, онда ежелгі дәстүрлер мен заманауи сана тоғысады. Бүгін, бұл мәдени тәжірибемен Нидерланды Корольдігінде бөлісе отырып, біз елдеріміз арасындағы берік байланыстарды еске саламыз - бұл тек дипломатия диалогы ғана емес, сонымен қатар өнердің озық үлгілерінің, өзара құрмет пен шығармашылық алмасудың диалогы. Бұл көрме халықтарымыз арасындағы көпірге айналып, ұлттық шекаралардан тыс шығатын шығармашылықтың мерекесі болсын деп дипломат түйіндеді.

Е. Төлепбайдың туындылары қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып, екі елдің шығармашылық зиялы қауым өкілдері арасындағы мазмұнды диалогтың негізіне айналды. Сонымен қатар, іс-шара қатысушылары қазақ халық музыкасын насихаттауға белсене қатысатын виртуозды домбырашы Еркін Құдайберген орындаған дәстүрлі қазақ күйлері мен Нидерландта тұратын, халықаралық аренада танымал қазақ пианисті Гүлмира Исабекова орындаған фортепиано туындыларынан ләззат ала алды. Олардың шебер орындаулары Қазақстан мәдениетінің рухын жеткізген ерекше атмосфераны қалыптастырды. Кеш қонақтарына қазақ халқының қонақжайлығы мен көшпенді дәстүрлерінің рухындағы ұлттық тағамдар ұсынылды.

Бұл мәдени іс-шара Қазақстан мен Нидерланд арасындағы мәдени және дипломатиялық байланыстарды одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосып, Ұлы Даланың елін жарқын түрде танытты.