Мәскеу, 2025 жылғы 5 маусым – Мәскеуде Ресейдегі Экологтар күніне және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған XVI Халықаралық «Экология» форумы өтті. Бұл қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған жетекші алаңдардың бірі. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық және коммерциялық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері, тәуелсіз сарапшылар мен эко-белсенділер қатысты.
Өз сөзінде Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Республика үшін қоршаған ортаны қорғау және табиғатты тұрақты пайдалану мәселелері біржолғы бастамалар емес, стратегиялық басымдық екенін атап өтті. «Біздің экологиялық саясатымыздың басты назарында – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы. Бұл жай ғана құжат емес – бұл ЖЭК-ке, энергия тиімділігіне және айналмалы экономикаға көшу жөніндегі жол картасы», – деп атап өтті Елші.
Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласында Қазақстан Ресеймен ынтымақтастықты ерекше бағалайды. Өзара іс-қимылдың негізгі мысалдарының қатарында ол Жайық және Ертіс өзендерінің экожүйелерін сақтау, ақбөкен мен Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау жөніндегі бірлескен жұмыстарды, Амур жолбарысын қайта жерсіндіру жөніндегі жобаны, «Үлкен Алтай» трансшекаралық биосфералық резерватын құруды, табиғи апаттармен ортақ күресті, Каспий теңізінің таяздануының алдын алу іс-шараларын атады.
Қорытындылай келе, Д. Абаев 2026 жылы Қазақстан БҰҰ-мен серіктестікте Орталық Азия елдерінің климаттың өзгеруі және орнықты дамуы саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға арналған Өңірлік климаттық саммит өткізетінін еске салды. Елші бұл іс-шара бейімделудің, декарбонизацияның және орнықты дамудың нақты тетіктері әзірленетін маңызды өңірлік алаңға айналатынына сенім білдірді.