Қазақстан мен Пәкістан IT саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Пәкістан IT саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Исламабад, 2025 жылғы 5 маусым – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның Ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар жөніндегі федералдық министрі Шаза Фатима Хаваджамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар цифрландыру және IT салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

Елші цифрлық күн тәртібін ілгерілету және озық технологияларды енгізу Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осыған орай ол екі елдің тиісті ведомстволары мен IT-компаниялары арасында, оның ішінде электрондық үкімет (eGov) және IT-платформаларды дамыту салаларында тікелей байланыстар орнатуға мүдделілік білдірді.

Кездесу барысында Елші 2025 жылғы сәуірде Исламабад және Карачи қалаларында өткен Қазақстан-Пәкістан бірлескен Үкіметаралық комиссиясының 13-отырысы мен бизнес-форумының нәтижелері туралы ақпарат беріп, қол қойылған 10 өзара түсіністік туралы меморандумды, Қазақстан мен Пәкістан жоғары оқу орындарының форумын және «Study in Kazakhstan» білім көрмесін ерекше атап өтті.

Федералдық министр Қазақстанмен IT және цифрландыру салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге жоғары қызығушылық білдіріп, атап айтқанда, электрондық үкімет (eGov), онлайн төлемдер, финтех, бірлескен жобалар және IT-стартаптарды коммерцияландыру бағыттарын ерекше атады.

Министр екі елдің инновациялық хабтары, IT университеттері мен технологиялық платформалары арасындағы байланыстарды нығайта отырып, бірлескен IT жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар IT-көрмелерді бірлесіп ұйымдастыру, электрондық коммерцияны дамыту және көлік-логистика саласындағы цифрлық шешімдерді ілгерілету арқылы өзара іс-қимылға нақты және қолданбалы сипат беру жөнінде ұсыныс айтты.

Тараптар IT саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту бойынша практикалық қадамдарды бірлесіп пысықтау, сондай-ақ IT жөніндегі Арнайы жұмыс тобының тұрақты отырыстарын өткізу туралы уағдаласты.