Молдовада Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселелері талқыланды

Молдовада Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселелері талқыланды

Кишинев, 2025 жылғы 4 маусым – Қазақстанның Молдовадағы Елшісі Алмат Айдарбеков Джурджулешты Халықаралық еркін портына барды.

Сапар барысында қазақ дипломаты порттың инфрақұрылымымен, логистика және операциялық қызмет көрсету шарттарымен танысып, портты басқаратын «Danube Logistics» компаниясының Бас директоры Матиас фон Тухермен келіссөздер жүргізді.

Сұхбат барсында қазақстандық өнімдерді экспорттау мақсатында Джурджулешты портының әлеуетін пайдалана отырып, Қазақстан және Молдова арасында транзит және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.

Қазақстан Елшісі екіжақты экономикалық қатынастардың оң қарқынын атап өтті. 2024 жылы Қазақстан мен Молдова арасындағы өзара сауда көлемі 75%-ға өсіп, 65 млн АҚШ долларынан асты. Бұл көрсеткіш екі ел іскер топтарының тиісті байланыстар орнатуға деген қызығушылығының артқанын білдіреді.

Осы тұрғыда А. Айдарбеков Қазақстан тарапынан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін (ТХКД) дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Ол Джурджулешты портының ТХКД бағыты бойынша ықтимал логистикалық тораптардың бірі ретіндегі маңыздылығына назар аударды. Бұл порт қазақстандық тауарларды Еуропалық Одақ нарығына жеткізудің қосымша бағыты бола алады.

Джурджулешты Халықаралық еркін порты – Молдованың Қара теңізге шығатын жалғыз порты. 2030 жылға дейін бұл аумақ еркін экономикалық аймақ мәртебесіне ие. Жыл сайын порт арқылы 2 млн тоннадан астам жүк өңделеді.