Афина, 2025 жылғы 4 маусым – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Султанғожин мен Қаратеңіз сауда және даму банкінің (ҚТСДБ) Президенті Серхат Кёксал арасында бейнеконференция форматында кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар өзара мүдделілік тудыратын ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, әсіресе Қазақстанның Қаратеңіз өңірі елдерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ұмтылуы тұрғысынан талқылады.
Елші Қазақстанның Қаратеңіз банкімен байланыстарды жандандыруға мүдделілігін атап өтіп, Қазақстан тарапынан банк пен мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық қатынастарды нығайтуға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде С. Кёксал ашық диалогқа дайын екенін растап, Қазақстанмен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете алатын нақты жобалық бастамаларды қарастыруға қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша нақты өзара іс-қимыл механизмдері мен форматтарын әзірлеу мақсатында белсенді жұмыс байланыстары мен ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.