Тбилиси, 2025 жылғы 31 мамыр – Грузия астанасында Қазақстан Елшілігі қызметкерлерінің қатысуымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шара өтті.
Грибоедов атындағы ең көне театрдың сахнасында Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері тұтқындары – грузин әйелдерінің тағдырына арналған «А.Л.Ж.И.Р.» спектаклі көрсетілді.
Спектакльдің маңызды эпизодтарының бірі, ол тұтқындар егін алқабында жұмыс жасап жатқан кездерінде, оларға жақын маңдағы ауылдардың балаларының тас лақтыратын сәті. Бірақ содан кейін әйелдер бұл кептірілген сүзбе – қазақ құрты екенін түсінеді.
«Жергілікті тұрғындар өз өмірлерін қатерге тігіп, жазықсыз сотталғандарға көмектесуге тырысты. Сондықтан қиын экономикалық жағдайда бола тұрып, өзінің қонақжайлылығы мен шыдамдылығының арқасында барлық келген халықтарды қабылдай алған қазақ халқына деген құрмет, ол бірінші кезекте», – деді театрдың әдеби редакторы, жазушы Нина Шадури.
Іс-шара аясында Елшілік Карлаг тұтқыны, опера әншісі ЕленаТер-Асатурованың (Цицишвили) «Естеліктердің өшуіне жол берілмейді» атты кітабының тұсау кесерін өткізді.
Осы естеліктерді грузин тіліне аударған Сухуми мемлекеттік университетінің докторанты Давид Махатадзе екінші отаны ретінде Қазақ еліне тұрақтап қалған, жер аударылған халықтар өкілдерінің көптеген ұрпақтарының жүрегінде қазақтарға деген алғыс мәңгі сақталатынын атап өтті.
Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин өз сөзінде қазақтар қауіп төндірген жазалаушыларға қарамастан жер аударылған адамдарға көмектесіп, аман қалуына мүмкіндік бергенін айтты. «Олардың көпшілігі қазақ жерінде өмір сүруге қалды. Тәуелсіз Қазақстанда әрбір этнос өзінің мәдени орталықтарын құрды, ана тілін үйренуге, өз мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттауға мүмкіндігі бар. Тарихтың қайғылы беттері қазақтардың ұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды», – деп атап өтті қазақ дипломаты.
Іс-шараға қатысушылар да Қазақстанда «АЛЖИР» мұражай кешенінің құрылғанын ерекше назарға ала отырып, жазықсыз адамдардың қайғы-қасіреттерін мәңгі есте қалдырғаны үшін қазақ халқына алғыс білдірді.
Спектакль соңында әртістер мен көрермендерге сол қайғылы кезеңдерде көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға себеп болған қазақтың құрты ұсынылды.