Анкарада қазақ диаспорасы балалары Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті

Анкарада қазақ диаспорасы балалары Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті

Анкара, 2025 жылғы 30 мамыр – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі Анкара қаласында тұратын қазақ диаспорасы балаларына арнап ерекше мазмұндағы мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырды. Бұл жиын 1 маусым – Балаларды қорғау күні және 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылып өткізілді.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының шырқалуымен басталды. Одан кейін балалар мен ата-аналардың қатысуымен еліміздің көк байрағы салтанатты түрде көкке көтерілді. Осы әсерлі сәт балалар мен жиналған қауымға ерекше рух беріп, Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ұялатты.

Бағдарлама барысында балаларға Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Туы мен Елтаңбасы таныстырылып, олардың тарихы мен мағынасы жайлы мәліметтер берілді. Балдырғандар өз қолдарымен күн, қыран құс және ұлттық ою-өрнектер бейнеленген түрлі-түсті қағаздардан ту бейнесін жасап шықты. Ал Елтаңбаны арнайы дайындалған пазлдар арқылы құрастыру арқылы балалар мемлекеттік рәміздердің құрылымын тереңірек түсінді.

Шара барысында ұйымдастырылған викториналық ойындарда балалар Қазақстанның тарихы, географиясы мен рәміздері жөнінде қызықты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерімен бөлісті. Сонымен қатар ұлттық ойындар ойнатылып, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары таныстырылды. Балалар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, қазақ мәдениетіне тағы бір қадам жақындай түсті.

Мерекелік жиын соңында балалар өз өнерлерін ортаға салып, қазақ тілі сабағында үйренген өлеңдер мен көркем шығармаларды жатқа оқыды. Атап айтқанда, олар қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай оның өлеңдері мен нақыл сөздерін нақышына келтіре орындады.

Бұл іс-шараның басты мақсаты – шетелде өсіп келе жатқан қазақ балаларының бойында ұлттық сана мен патриоттық рухты қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті күшейту, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту болды.