Алания, 2025 жылғы 27-28 мамыр – Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев Аланияға жұмыс сапарымен барды, оның барысында мәдени-гуманитарлық және көлік салаларындағы қазақ-түрік ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Сапардың бағдарламасы Аланиядағы Қазақстан мәдениет және білім қауымдастығының өкілдерімен кездесуден басталды. Сұхбат барысында Қазақстан азаматтарының аймақта болуына қатысты мәселелер, оның ішінде құқықтық және әлеуметтік қолдау, сондай-ақ қазақстандық диаспораның қаланың мәдени және әлеуметтік өміріне қатысуы талқыланды.
Сонымен қатар Елші Аланиядағы Алааддин Кейқубат университетінде болып, ректоры Доктор Кенан Ахмет Түрікдоғанмен және қазақстандық студенттермен кездесті. Сұхбат барысында академиялық ұтқырлық, Түркиядағы қазақстандық студенттік бірлестіктерге қолдау көрсету, сондай-ақ студенттердің түрік кәсіпорындары мен компанияларында өндірістік тәжірибеден өту және тағылымдамадан өту мүмкіндіктері талқыланды.
Сапардың басты оқиғасы Газипаша – Алания әуежайында өткен қазақстандық «FlyArystan» әуе компаниясының Астана-Алания бағыты бойынша алғашқы тікелей рейсінің ашылу салтанаты болды.
Іс-шараға Газипаша ауданының басшысы Селами Коркутата, Алания әкімі Осман Тарык Өзчелик, жергілікті билік өкілдері, әуежай басшылығы мен туризм саласының мүдделі құрылымдары қатысты.
Газипаша әуежайы Түркияның шығыс жағалауында демалуды таңдаған саяхатшылар үшін Анталия халықаралық әуежайының тартымды баламасына айналуда. Қолайлы орналасуына байланысты Алания аймағының танымал курорттарына тасымалдау уақытын айтарлықтай қысқартады. Өңірге қызығушылықтың артып келе жатқанынын ескере отырып, Астанадан Газипашаға тікелей рейстер аптасына екі рет – сәрсенбі және жұма күндері орындалатын болады.
Іс-шара барысында Елші Қазақстанның елордасы мен Түркияның жетекші туристік орталықтарының бірі арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы туристік алмасуды арттыру, гуманитарлық және іскерлік байланыстарды нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынын, сондай-ақ Қазақстан азаматтары үшін өңірдің көлік қолжетімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Жаңа бағыттың ашылуы өңірлік деңгейдегі қазақ-түрік серіктестігін одан әрі дамытуға елеулі үлес болып, екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізеді.