Вена, 2025 жылғы 26-30 мамыр – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің Бас директоры Рафаэль Гроссидің шақыруымен Қазақстанның сайланбалы өкілдерінен құралған делегациясы АЭХА-ның Ядролық энергетика бағдарламаларына мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі халықаралық конференциясына қатысты.
Конференцияға ядролық инфрақұрылымы дамыған қалалардың 80-нен астам әкімдерін қоса алғанда, АЭХА-ның 81 мүше-мемлекетінен 600-ден астам делегат қатысуда. Қазақстан делегациясының құрамына Курчатов қаласының әкімі Болат Абдралиев, Түркістан облысы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков және Мәслихат депутаты Бағлан Сүгірбаев, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының өкілдері кірді.
Конференция аясында Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді қатысуымен еліміздің атом саласындағы жетістіктері туралы ұлттық стенд таныстырылды.
Қазақстан уран өндіруден бастап ядролық энергетикалық қондырғыларды жобалау, пайдалану және пайдаланудан шығару бойынша ядролық технологиялардың толық циклін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бастама – ұлттық ядролық кластер құруды белсенді ілгерілетіп отыр. Мұндай кластерді құру елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
АЭХА конференциясы 2025 жылғы 30 мамырға дейін жалғасады. Іс-шараның қорытындысы бойынша әкімдер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері халық пен мемлекеттің әл-ауқатын күшейтуге бағытталған ядролық энергетиканың маңызды рөлін мойындай отырып, азаматтармен, заң шығарушылармен, үкіметпен және салалық көшбасшылармен тұрақты және инклюзивті болашақты қалыптастыру үшін тығыз әрі ашық ынтымақтастыққа дайын екендіктерін бір ауыздан растайтын бірлескен декларация қабылдауды жоспарлап отыр.