Джакартада Қазақстанның инвестициялық және туристік мүмкіндіктері таныстырылды

Джакартада Қазақстанның инвестициялық және туристік мүмкіндіктері таныстырылды

Джакарта, 2025 жылғы 27 мамыр – Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуеті таныстырылып, «Salam Kazakhstan» журналының алғашқы санының тұсаукесері өтті. Іс-шараға Индонезияның Сыртқы істер, Сауда, Көші-қон министрліктерінің, Индонезия Сауда-өнеркәсіп палатасының, іскер топтардың, туристік агенттіктердің және жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов өз сөзінде Қазақстан мен Индонезияның орнықты экономикалық өсімге деген ұқсас ұмтылыстары бар екенін атап өтіп, табиғи ресурстарға бай, болашағы зор адами капиталы бар елдер ретінде ерекшеленетінін айтты. Ол Қазақстанның инвестициялық әлеуетінің жоғары екенін, соңғы отыз жылда ел экономикасына 456 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын баса айтты – бұл Орталық Азия елдері арасында ең жоғары көрсеткіш.

Елші сауда, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тоқыма өнеркәсібі және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірді. Ол Индонезия Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы арасында жоспарланған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою және бірлескен жобаларды ілгерілету үшін жаңа платформаға айналатын «Қазақстан-Индонезия» іскерлік кеңесін құрудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Қазақ дипломаты екі ел арасындағы туристік алмасудың оң серпініне назар аудартып, сапарлар мен іскерлік байланыстарды одан әрі ынталандыру мақсатында Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізуге шақырды. Бұл саяхаттар мен іскерлік байланыстарды одан әрі ынталандыруға септігін тигізеді. Сөз соңында Елші индонезиялық қонақтарды Ұлы дала елі – қызғалдақтар мен алмалардың отаны, көшпенділер мәдениеті мен ежелгі өркениеттер, таңғажайып табиғат әлемі – Қазақстанмен танысуға шақырды.

Қонақтарға Қазақстанның туристік бағыттары, мәдениеті және «Kazakhstan: Born Bold» атты жаһандық имидждік бастамасы туралы бейнеролик көрсетілді.

Презентация барысында Қазақстанның Қытай, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және Еуропалық одақ елдерін байланыстыратын стратегиялық көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөліне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушыларға шетелдік инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылымдық преференциялар, арнайы экономикалық аймақтар және 10 жылдық көп мәртелік виза алу мүмкіндігі туралы айтылды.

Қазақстан мен Индонезия арасында өзара инвестицияларды қорғау және ілгерілету, сондай-ақ Индонезия мен ЕАЭО арасында еркін сауда аймағын құру туралы үкіметаралық келісімдер өзара сауданың дамуына және инвестиция көлемінің артуына жаңа серпін береді деген сенім білдірілді.

Индонезия туристік агенттіктері мен туроператорлары қауымдастығының төрайымы Нунунг Русмиати өз сөзінде Қазақстанға жасаған бұрынғы сапары керемет әсер қалдырғанын айтты. «Қазақстан – бұл тек таңғажайып табиғат пен мәдениет ғана емес, сонымен қатар жоғары қызмет көрсету деңгейі, қауіпсіздік және қонақжайлылық. Біз тікелей турлар ұйымдастыру, мәдени алмасу және бірлескен туристік бастамалар үшін зор әлеует көріп отырмыз», – деді ол. Оның айтуынша, туризм саласындағы ынтымақтастық халықтар арасындағы дипломатия мен өзара түсіністіктің қуатты арнасына айналуы мүмкін.

Іс-шара соңында Индонезия Сауда, Сыртқы істер министрліктері және Журналистер қауымдастығы өкілдері өз ойларымен бөлісіп, Қазақстанның экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады және одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

«Salam Kazakhstan» – индонезиялық аудитория үшін арнайы әзірленген Қазақстан туралы алғашқы индонезия тіліндегі басылым. Журналда елдің табиғи және мәдени көрікті жерлері, тарихы, экономикалық әлеуеті және инвестициялық климаты туралы құрылымды және көрнекі ақпарат берілген. Сонымен қатар, Индонезия бизнесі мен туристік саласына практикалық қызығушылық тудыратын қызықты фактілер мен мүмкіндіктерге ерекше назар аударылған.