Қазақстанның экономикалық әлеуеті Кавказ инвестициялық форумында ұсынылды

Қазақстанның экономикалық әлеуеті Кавказ инвестициялық форумында ұсынылды

Минеральные воды, 2025 жылғы 26 мамыр – Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Кавказ инвестициялық форумына қатысты.

Бұл Солтүстік Кавказдың әлеуетін және оны дамыту жобаларын таныстыруға арналған аса ірі алаң. Іс-шаралар бағдарламасы кәсіпкерлік, инвестициялар, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, көлік, туризм, денсаулық сақтау, халықаралық ынтымақтастық және әлеуметтік бастамалар сияқты негізгі экономикалық тақырыптар бойынша пікірталастарды қамтыды.

«Ресейдегі ерекше экономикалық аймақтар: Тәжірибе және жаңа көкжиектер» панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде Елші осындай қызметтің Қазақстандағы тәжірибесі туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде елімізде әртүрлі салалық маманданумен, инвесторлар үшін айтарлықтай салықтық және кедендік жеңілдіктермен 15 ЕЭА жұмыс істейді. Д. Абаев ресейлік іскер қауымды Қазақстанмен инвестициялық өзара іс-қимылды белсенді дамытуға шақырды және ҚР Үкіметінің жанынан Инвестициялық штаб құрылғанын, оның шешімдерін орындау міндетті екенін еске салды.

Кавказ инвестициялық форумы аясында Елші бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Кабардин-Балқар республикасының басшысы Қазбек Коковпен келіссөздер барысында өзара сауданың оң динамикасы аталып өтті: соңғы төрт жылда көрсеткіш үш есе өскен. Қазақстандық бизнес үшін Кабардин-Балқар Солтүстік Кавказ федералды округінің нарығына кірудің ықтимал нүктесі ретінде қызығушылық тудырады. Сондай-ақ тараптар бір-біріне туристік бағдарламаларды, бірлескен мәдени фестивальдар мен көрмелер өткізуді ұсынуға дайын екендігі аталып өтті.

Ставрополь өлкесінің губернаторы Владимир Владимировпен агроөнеркәсіптік кешендегі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қазақстан үшін өңірдің астық селекциясы, алма өсіру саласындағы тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырады. Ынтымақтастықтың бұл салаларын кеңейтіп, жаңа байланыс нүктелерін іздеу қажет. Сонымен қатар өлке аумағында, атап айтқанда Ессентукиде қазақстандықтар демалатын «Қазақстан» шипажайы ұзақ және табысты жұмыс істеп келеді.

Аграрлық саладағы байланыстарды нығайту мәселесі Ставрополь өлкесі Көшет шаруашылығын жүргізушілер мен бағбандар қауымдастығының төрағасы Айдын Шириновпен кездесудің басты назарында болды. Тараптар кәсіпорындар арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруға және бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге уағдаласты.