Тель-Авив, 2025 жылғы 26 мамыр – Қазақстанның Израильдегі Елшісі Дәулет Ембердиев Израиль Ұлттық кітапханасына ресми сапармен барды. Сапар аясында кітапхана Бас директоры Орен Вайнбергмен кездесу өтті.
Кездесу барысында Қазақстан Ұлттық кітапханасы мен Израиль Ұлттық кітапханасы арасында екіжақты серіктестік орнату мүмкіндіктері талқыланды. Сирек архивтік материалдарды цифрландыру, бірлескен көрмелер ұйымдастыру мен мәдени іс-шаралар өткізу, сондай-ақ кітапханалық және мұрағаттық салада академиялық ынтымақтастық орнату бастамаларына ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында қазақ тарапы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі аясында ұйымдастырылатын халықаралық көрмеде Талмұд пен Тәураттың ерекше нұсқаларын көрсетуге ниет білдірді.
Д. Ембердиев мәдениет пен білім – табысты мемлекеттің негізі екендігін атап өтті. Осы ретте, ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет және өнер қайраткерлерін марапаттау салтанатында сөйлеген сөзін мысалға келтірді. Мемлекет басшысы онда озық қоғам қалыптастыру үшін кітап оқитын ұлт болу маңызды екенін айтып, бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатқанын жеткізген болатын.
Атап айтқанда, Қазақстанда жас жазушыларға арналған арнайы Президенттік сыйлық тағайындалғаны және алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өткендігі туралы айтылды.
Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігі Израиль Ұлттық кітапханасына жылы қабылдауы мен серіктестікке ашықтығы үшін ризашылығын білдірді. Бұл байланыс сөзсіз екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететіні аталып өтті.
Израиль Ұлттық кітапханасы – Израиль Мемлекетінің басты ұлттық кітапханасы. Кітапхана қорында 8 миллионнан астам кітап бар. Иврит тіліндегі және иудаика бойынша ең ірі коллекцияға ие, сондай-ақ сирек және бірегей қолжазбалар мен кітаптардың сақтаушысы.