Қазақстан діни еркіндік саласындағы халықаралық тәжірибе алмасуды күшейтуде

Қазақстан діни еркіндік саласындағы халықаралық тәжірибе алмасуды күшейтуде

Вашингтон, 2025 жылғы 22 мамыр – Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Елшісі Ержан Ашықбаев бірқатар америкалық үкіметтік емес ұйымдардың, оның ішінде «LYN Community» ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған «International Religious Freedom Builders Forum» форумына қатысты. Іс-шараға АҚШ Әкімшілігі, діни конфессиялар, азаматтық қоғам және сарапшылар қауымдастық өкілдері кеңінен қатысты.

Өз сөзінде Елші Қазақстанның адам құқықтарын, соның ішінде діни сенім еркіндігін қорғауға деген берік ұстанымын атап өтті. Ол «әртүрліліктегі бірлік» қағидаты Қазақстан ұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігі екенін айтып, конфессияаралық және этносаралық келісімді қалыптастыру мен нығайтудағы елдің бірегей тәжірибесіне ерекше назар аударды.

Атап айтқанда, Елші Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі мен Қазақстан халқы ассамблеясының мәдениеттерді жақындастыру мен диалогты ілгерілетуге бағытталған танылған алаңдар ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол осы жылдың қыркүйек айында Астанада өтетін VIII Съезге дайындық барысымен бөлісті.

Форум барысында сөз сөйлеген «LYN Community» ұйымының Президенті Уэйд Кьюсак Қазақстан оның ұйымымен ресми серіктестік орнатқан алғашқы ел болғанын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан діни бостандықты дамытуда тұрақты ілгерілеу көрсетіп, бұл салада нақты қадамдарға бағытталғандығымен ерекшеленеді.

Іс-шара аясында ҚР Елшілігінде қатысушылармен кездесу өтіп, конфессияаралық келісімді нығайту мен өзара тәжірибе алмасу бағытындағы ықтимал ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Қатысушылардың ерекше назарын «Діни еркіндік және бизнес қорының» Президенті Брайан Гримнің сөзі аударды. Ол Қазақстанмен көпжылдық байланыстары туралы жеке естеліктерімен бөлісіп, елде өмір сүрген кәсіби әрі жеке тәжірибесін айтып өтті. Ол көптеген жылдар бойы Қазақстанда сезінген өзара құрмет пен мейірімділік ахуалын ерекше атап өтті.