Қазақстан мен Бельгия жасыл экономика мен логистиканы дамыту бойынша өзара ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Бельгия жасыл экономика мен логистиканы дамыту бойынша өзара ынтымақтастықты нығайтуда

Антверпен, 2025 жылғы 22 мамыр – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан жұмыс сапарымен Антверпен провинциясына барып, өңірдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарының өкілдерімен – қалдықтарды өңдеу бойынша қызмет көрсететін «Indaver» компаниясымен және инженерлік-логистикалық холдинг «Katoen Natie» компаниясымен кездесті.

Сапар барысында М. Баймұхан Доэль қаласындағы «Indaver» зауытының қызметімен танысып, компания директоры Вим Уомс мырзамен және «Indaver Holding» компаниясының даму жөніндегі директоры Ян-Кис де Вухт мырзамен келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жасыл энергетиканы дамыту салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Елші Қазақстан Үкіметі тарапынан жасыл экономика саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық жеңілдіктер туралы бельгиялық тарапты хабардар етті. Қазақстанға озық технологияларды енгізу мен халықаралық тәжірибені беру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кейінірек «Katoen Natie» компаниясының өкілдері – мұнай-химия саласындағы бизнес дамыту директоры Хирт Де Рувер мырзамен және бизнес дамыту директоры Максимилиан Ленс мырзамен кездесу өтті. Келіссөздер барысында қазақстандық мұнай-химия кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін қолдау үшін қажет көлік-логистикалық инфрақұрылым саласындағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Компания өкілдері Қазақстанды логистикалық желіні одан әрі кеңейту үшін стратегиялық маңызды бағыт ретінде қарастыратынын және ынтымақтастықтың келешегі зор екенін атап өтті.

Кездесулер қорытындысы бойынша нақты ынтымақтастық бағыттарын пысықтау үшін қазақстандық серіктестермен мақсатты келіссөздер жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді.

1985 жылғы 24 қазанда құрылған «Indaver» компаниясы Нидерланды, Ирландия, Ұлыбритания, Германия, Италия және Португалия сияқты бірнеше еуропалық елдерде жұмыс істейді. Компанияда шамамен 1700 қызметкер бар. «Indaver» қалдықтарды басқару саласында кешенді шешімдер (Total Waste Management) ұсынып, қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың тұрақты және жеке бейімделген тәсілдеріне басымдық береді.

«Katoen Natie» – 1854 жылы құрылған халықаралық логистикалық компания. Бүгінде ол әлемнің 40 елінде жұмыс істейді, жылдық айналымы 2 миллиард еуродан асады, ал қызметкерлер саны 18 000-нан асады. Холдингтің жалпы ауданы 6 миллион шаршы метрден асатын қойма нысандары бар.