Исламабад, 2025 жылғы 20 мамыр – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин мен Исламабад қаласының Даму басқармасының (Capital Development Authority) төрағасы Мұхаммад Али Рандхава арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында Елші 2025 жылғы 28-29 сәуірде Исламабад және Карачи қалаларында өткен Қазақстан-Пәкістан бірлескен үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысы мен бизнес-форумының негізгі қорытындылары туралы хабардар етті. Ол сауда, стандарттау, спорт, ақпарат салаларында, сондай-ақ астаналық сауда-өнеркәсіп палаталары, жетекші университеттер мен өңірлік басқару органдары арасындағы келісімдерге тоқталып, тараптар арасындағы әртарапты ынтымақтастықты дамытуға деген өзара қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан астанасының жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларды ұйымдастырудағы мол тәжірибесін ескере отырып, пәкістандық тарап осы бағытта тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді.
Өз кезегінде М. Али Рандхава Астанамен сауда-экономика, инвестиция, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елордааралық ынтымақтастықты жолға қою бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға уағдаласты.