Сеул, 2025 жылғы 15 мамыр – Оңтүстік Корея астанасында 2025 жылғы 29 мамырға жоспарланған Шымкент – Сеул бағыты бойынша «SCAT» әуе компаниясының тікелей рейсін іске қосуға арналған іс-шара аясында Қазақстанның туристік мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл іс-шараға 70-тен астам жетекші корей туроператорлары мен БАҚ өкілдері қатысып, екі ел арасындағы туристік және іскерлік алмасуды кеңейтуге деген жоғары қызығушылықты көрсетті.
Аталған бағыттың ашылуымен, Астана мен Алматыдан ұшатын рейстерді қосқанда, Қазақстан мен Кореяны апта сайынғы 15 тікелей рейс байланыстыратын болады. Жаңа бағыт екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік байланыстарды, мәдени және гуманитарлық қатынастарды дамытуға серпін береді.
Рейстің таныстырылым рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов бұл бағыттың ашылуы екі ел халықтарының жақындасуына ықпал ететінін атап өтті: «Бұл – екі ел азаматтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытудағы маңызды кезең. Мәдениеті мен тарихы бай Шымкент қаласынан тікелей рейстің ашылуы туристерге, студенттерге және кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз туристік ағынның жыл сайын 12%-ға тұрақты өсіп келе жатқанын байқап отырмыз және бұл рейс туризмді, іскерлік байланысты және азаматтар арасындағы тікелей қарым-қатынасты дамытудың жаңа ынталандырушысы болады деп сенеміз».
Сонымен қатар Елші Қазақстанның туристік тартымдылығына тоқталып, еліміз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген алты нысанымен әйгілі екенін айтты. Олардың қатарында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері және Сарыарқа экожүйесі бар. Елші туроператорларды Қазақстанның мәдени және табиғи байлығын ашатын жаңа туристік пакеттерді әзірлеуге шақырды.
Қазақ дипломаты Қазақстан басшылығы тарапынан туризм саласына берілетін саяси қолдауға назар аударып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде туризмді тұрақты дамытудың стратегиялық бағыты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыт Қазақстан экономикасының өсуінің және мәдени мұраны халықаралық деңгейде ілгерілетудің маңызды тірегіне айналуда.
Туризм саласындағы ынтымақтастықты айта келе, Елші 2025 жылы екі елдің туроператорлары мен компаниялары қатысатын маңызды іс-шараларды атады. Олардың қатарында Қазақстан халықаралық туристік көрмесі (KITF, 23-25 сәуір), Астана халықаралық форумы (29-30 мамыр), Kazakhstan Tourism Road Show (Сеул, маусым), және Сеул халықаралық туристік көрмесі (SITF-2025, 5-8 маусым) бар.
Сондай-ақ Елші екіжақты экономикалық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды. Ол 2024 жылдың қорытындысы бойынша Корея Республикасы Қазақстан экономикасына инвестиция құйған ең ірі үш елдің қатарына енгенін атап өтті.
Өз кезегінде «SCAT» компаниясының Кореядағы өкілі Андрей Цыганков: «Шымкент – Қазақстандағы үшінші ең ірі қала, қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, жуырда жылына 2 миллион жолаушыны қабылдай алатын заманауи әуежайға ие болды» деп мәлімдеді.
Іс-шара аясында Қазақстанның, атап айтқанда Шымкент қаласының туристік әлеуеті таныстырылды. Қонақтар туристік брошюралармен танысып, елдің табиғи көркем жерлері мен мәдени нысандары туралы бейнероликтерді, сондай-ақ «Born Bold»-ты тамашалау мүмкіндігіне ие болды.