Прага, 2025 жылғы 15 мамыр – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чех Республикасының Ұлттық кітапханасының Бас директоры Томаш Фолтынмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қазақ және чех мәдениеттерін ілгерілетуге, сондай-ақ екіжақты гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Осы орайда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Чех Республикасының Ұлттық кітапханасы арасында институционалдық серіктестік орнатуға өзара қызығушылық білдірілді. Ынтымақтастық аясында бірлескен көрмелер ұйымдастыру, баспа өнімдерімен алмасу, кітапхана қорларын цифрландыру және кітапхана-ақпараттық технологиялар саласында кәсіби өзара іс-қимылды дамыту көзделуде.
Томаш Фолтын чех тарапының ынтымақтастықты кеңейтуге және тиісті меморандумға қол қоюға дайын екенін растады. Сонымен қатар ол 2025 жылғы 18-22 тамыз аралығында Астанада өтетін Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресіне чех делегациясының қатысу жоспарлары туралы хабарлап, қазақстандық серіктестермен мазмұнды диалогты жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу аясында қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өту аясындағы мәдени алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Елші чех тілінде Абайдың «Қара сөздерінің» арнайы басылымын жарыққа шығаруды жоспарланғанын және оны Чех Ұлттық кітапханасының ғимаратында таныстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесу Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды кеңейтуге өзара қызығушылықты растап, екі елдің ұлттық кітапханалары арасындағы тұрақты әріптестіктің негізін қалады.