Рим, 2025 жылғы 14 мамыр – Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі «Vision and Global Trends» геосаяси зерттеулер орталығымен бірлесіп, Италия мен Орталық Азия арасындағы серіктестікке арналған семинарды ұйымдастырды.
Оның жұмысына Италия СІМ басшылығы, Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елшілері, Италияның мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының, білім беру мекемелерінің өкілдері, дипломаттар, сарапшылар мен журналистер қатысты. Іс-шараның мақсаты – Италия мен Орталық Азия арасындағы өзара іс-қимылдың түрлі салаларындағы қатынастардың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылау.
Семинардың ашылуында сөз сөйлеген Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли Орталық Азияның әлемдегі өсіп келе жатқан стратегиялық маңыздылығын және өңірді Италиямен біріктіретін терең байланыстарды атап өтті. Оның айтуынша, өңірлік деңгейде Италия саяси, экономикалық және мәдени салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатында «ОА + Италия» форматында Орталық Азияның бес елімен мерзімді консультациялар механизмін іске қосқан алғашқы еуропалық ел болды.
Семинарда баяндама жасаған Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев Италия Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Елдерімізді өзара құрметке, сенімге және ынтымақтастыққа прагматикалық тұрғыда негізделген берік қатынастар байланыстырады. Италия Қазақстанның аса ірі сауда-экономикалық серіктестерінің үштігіне кіреді. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы рекордтық 20 млрд АҚШ долларына жетті.
«Ең жоғары деңгейде қалыптасқан тығыз саяси диалог соңғы жылдары айтарлықтай жандана түсті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Римге сапары, сондай-ақ Премьер-министр Джорджа Мелонидің Астанаға жоспарланған жауап сапары осы оң үрдісті айқын растайды. Еуропалық Одақтың жетекші саяси және экономикалық орталықтарының бірі – Италиямен ынтымақтастық Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие және серіктестікті одан әрі нығайту үшін кең перспективалар ашады», – деді Е. Сембаев.
Қазақ дипломаты Италияның Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретіндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, ЕО-дағы белсенді ұстанымының арқасында Италия диалогты дамытуға, өзара түсіністікті нығайтуға және өңіраралық ынтымақтастық шеңберінде практикалық бастамаларды іске асыруға маңызды үлес қосуда.
Семинарда Қырғызстан Елшісі Таалай Базарбаев, Тәжікстан Елшісі Жамалиддин Убайдулло, Түрікменстан Елшісі Тойлы Көмеков және Өзбекстан Елшісі Абат Файзуллаев баяндама жасап, іс-шараға қатысушыларға өз елдерінің Италиямен қатынастарын дамыту жөнінде айтып берді.
Семинар аясында іс-шараға қатысушыларға Италия Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянидің құттықтау хаты оқылды.
Сонымен қатар іс-шараға халықаралық ұйымдардың итальяндық қоғамының президенті Риккардо Сесса, Италия СІМ жанындағы Италия –Орталық Азия министрлік кездесуінің үйлестірушісі Федерико Фаилла, білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі итальяндық агенттіктің директоры Марко Риккардо Рускони, сондай-ақ түрлі итальяндық мемлекеттік мекемелер мен жоғары оқу орындарының өкілдері сөз сөйледі.