Қазақстан мен Халықаралық сауда орталығы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жалғастыруда

Қазақстан мен Халықаралық сауда орталығы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жалғастыруда

Женева, 2025 жылғы 14 мамыр – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Халықаралық сауда орталығының (ХСО) Атқарушы директоры Памела Коук-Хамильтонмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Еуропалық Одақтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ready4Trade – Central Asia» өңірлік жобасы аясындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен болашағын талқылады. Қ. Төребаев қол жеткізілген нәтижелер үшін алғысын білдіріп, сауданы, электрондық коммерцияны және шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты шеңберіндегі басымдық екенін атап өтті.

Өз кезегінде ХСО Атқарушы директоры шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанды 2025 жылғы 22-24 шілде аралығында Оңтүстік Африкада, Йоханнесбург қаласында өтетін ШОБ мәселелері жөніндегі ғаламдық министрлік кездесуге қатысуға шақырды. Кездесу тақырыбы «Жаңа бизнес көкжиектерін игеру», негізгі бағыттар: қаржыландыруға қолжетімділік, цифрлық трансформация және жасыл өткел – саудаға негізделген экономикалық жаңғыру драйверлері ретінде қарастырылады.

Қ. Төребаев Қазақстанның бұл іс-шараға қатысуға мүдделілігін растап, халықаралық саудадағы ШОБ рөлін нығайту елдің орнықты даму күн тәртібінің маңызды элементі екенін атап өтті.

Қазақстан тарапы ХСО-ның болашақ бастамаларына белсенді қатысуға мүдделілігін растап, сараптамалық әрі саяси деңгейдегі тұрақты диалог пен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында Тұрақты өкіл Қазақстанның Халықаралық сауда орталығымен нәтижелі ынтымақтастықты жалғастыруға және елдің жаһандық сауда жүйесіне табысты интеграциялануына бейілділігін растады.