Вена, 2025 жылғы 13 мамыр – Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінің бастамасымен Орталық Азия елдерінің Елшілері мен Аустрияның Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясындағы (ЕКПА) делегациясы арасында кездесу өтті. Кездесу барысында өңір елдерінің ЕКПА аясында Аустриямен ынтымақтастығын дамыту мәселелері қаралды.
Кездесуді ашқан Аустрия делегациясының басшысы, Ұлттық кеңестің депутаты Мартин Граф Парламенттік Ассамблея аясында түрлі бағыттар бойынша бірлескен жұмысты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Аустрия мен Орталық Азия елдерін демократияны нығайтуға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді.
Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде қазақ-аустриялық қатынастардың даму перспективаларына тоқталып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған конституциялық реформа мен демократиялық өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат берді. Елші Президенттің адам құқықтарын сақтау аясында қоғаммен ашық диалог орнатуға және азаматтардың сұраныстарына жедел ден қоюға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
М. Тілеуберді сондай-ақ ЕКПА аясындағы парламентаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, Қазақстандағы демократиялық процестерге оң баға берген ЕКПА декларацияларын қолдағаны үшін аустриялық депутаттарға ризашылығын білдірді.
Орталық Азия елдерінің Елшілері өз мемлекеттеріндегі реформалар барысы және Аустриямен екіжақты байланыстар туралы айтып, парламентаралық өзара іс-қимылды, соның ішінде ЕКПА, ЕҚЫҰ ПА және Парламентаралық одақ сияқты көпжақты құрылымдар шеңберінде тереңдетуге мүдделілік білдірді. Сонымен қатар олар аустриялық серіктестерді өңірдегі өзгерістер жөнінде әрі қарай хабардар етуге дайын екендерін айтты. Осы тұрғыда ОА елдерінің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары Аустрияның ЕКПА делегациясын өңірге сапармен келуге шақырды.