Түркияның ірі туристік агенттіктері үшін ақпараттық тур өткізілді

Түркияның ірі туристік агенттіктері үшін ақпараттық тур өткізілді

Түркістан, 2025 жылғы 10-13 мамыр – Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы Түркияның туристік агенттіктер қауымдастығымен (TURSAB) бірлесе отырып, Түркістан облысына ақпараттық тур ұйымдастырды.

Тур аясында «TURSAB» ұйымына мүше 20-ға жуық жетекші туристік және ақпараттық агенттіктердің өкілдері мен қауымдастық басшылары Түркістанға сапар жасап, өңірдің халықаралық туристік әлеуетімен танысты.

Үш күнге созылған бағдарлама барысында делегация мүшелері Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Хилует жерасты мешіті, этноауыл, «Фараб» кітапханасы, жаңа қаладағы серуен жолдары, «Керуен-Сарай» туристік кешені, Арыстан баб кесенесі, сондай-ақ көне Отырар мен Сауран қалашықтары сияқты Түркістан облысының тарихи-мәдени нысандарын аралап көрді.

Аталған шара Қазақстан мен Түркия арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар бұл бастама Түркия азаматтары үшін Түркістан облысын тартымды халықаралық туристік бағыт ретінде ілгерілетуге ықпал етеді.