Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілетуге назар аударуда

Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілетуге назар аударуда

Ташкент, 2025 жылғы 12 мамыр – Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұловтың Өзбекстанның Қайта құру және даму қорының Атқарушы директоры Шухрат Вафаевпен кездесуі өтті.

Сұхбат барысында Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері басшыларының биік деңгейдегі екіжақты кездесулерінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдерді іске асыру мәселелері талқыланды.

Бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, геологиялық барлау, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі және биотехнология салаларындағы ынтымақтастық, металлургия секторындағы өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ екіжақты сауданы ынталандыру бойынша бастамалар қаралды.

Тараптар қолданыстағы және келешектегі жобалардың тиімділігін арттыру мақсатында бейінді институттар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы үйлестіруді тереңдету қажеттігін атап өтіп, Қазақстан–Өзбекстан ынтымақтастығының күн тәртібін одан әрі практикалық мазмұнмен толықтыру тәсілдерін келісті.

Кездесу қорытындысы бойынша өзара тиімді байланыстарды дамытуға бейілділік және экономиканың стратегиялық маңызды салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге дайындық расталды.