Әл-Шарқия Қазақстанның өңірлерімен ынтымақтастық орнатуға ниеттілігін білдіруде

Әл-Шарқия Қазақстанның өңірлерімен ынтымақтастық орнатуға ниеттілігін білдіруде

Зақазиқ, 2025 жылғы 11 мамыр – Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс Мысырдың солтүстік бөлігінде орналасқан Әл-Шарқия провинциясының губернаторы Хазем Мохаммед Хасан Әл-Ашмонимен кездесті.

Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастар жоғары деңгейде екенін атап өтті. Осы орайда, екі ел халқының игілігі үшін серпінді ынтымақтастық қарқынын одан әрі арттыру қажет.

Осы тұрғыда Қазақстан өңірлері мен Әл-Шарқия провинциясы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту жолдары талқыланды.

А. Жеңіс губернаторға жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның бүгінгі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты. Атап айтқанда, шетелдік кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес-климатты қалыптастыру бойынша Үкіметтің қабылдап жатқан шараларымен таныстырып, мысырлық бизнесмендерді қазақстандық жобаларға қатысуға шақырды.

Х. Әл-Ашмони өз тарапынан Елшіні провинцияның соңғы жылдардағы жетістіктерімен таныстырып, Қазақстанның Мысыр үшін Орталық Азиядағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Ол өзара мүдделі ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша Қазақстанның өңірлерімен тығыз ынтымақтасуға дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан өңірлерінің бірі мен Әл-Шарқия провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.